Сайлау Майлыбаевты өзінің кәсіби ортасында аңыз адам десек артық емес. Әріптестері оны құрметтеп Сайлау аға дейді, оған қызыға қарайды. Қызығатындай жөні бар.
Бұл кісінің Парламентте фотограф болып істегеніне биыл 20 жылға жуықтады. Соның 10 жылында Сенат төрағасының «личнигі», яғни жеке фотографы болды. Заң шығарушы орган делегацияларымен бүкіл әлемді аралады, көптеген тарихи оқиғалардың куәгері болды.
Мұрағатын ерекше суреттермен байытты. Естіген-көрген аңыз әңгімелері немерелері мен шөберелеріне баяндауға еркін жетер еді, бірақ Сайлау аға ішіндегісін сыртқа шығаруға сараң, көп сөйлемейтін кісі.
«Мен үшін фотоаппарат сөйлейді, суреттерім сөйлейді. Менің жұмысым – суретке түсіру, - дейді.
Сайлау Майлыбайұлы ең алғаш қолына фотоаппаратты 6-сыныпта жүріп ұстапты. Физика пәнінің мұғалімі фотоөнерге құмар кісі еді, мұғалімінің хоббиы бала Сайлауға да жұқты.
Әскерде жүріп те сүйікті ісіне жақындай түсті. Қиыр Шығысқа отан алдындағы борышын атқаруға аттанған ол екі жыл бөлімнің киномеханигі әрі фотографы болды.
Әскерден келісімен Алматы политехникалық техникумына «азаматтық құрылысшы» мамандығы бойынша оқуға түсті.
Студент кезінде де фотоға түсіруді жалғастыра берді. Құрылыс саласының қыр-сырын да көріп, біршама уақыт тер төкті.
Шын мәнісіндегі кәсіби фотограф ретіндегі қадамын ол 2001 жылы республикалық «Спорт» газетінен бастады.
- Геннадий Головкин ең алғаш рингке шығып, тырнақалды жеңісіне қол жеткізгенде мен дәл сол жекпе-жекті түсірдім, – деп мақтанышпен еске алады өзі. Сөйтіп, газет бетінде талай туындылары жарияланды.
Ал 2003 жылы Астанаға қоныс аударған Сәкең ҚР Парламентіндегі Инженерлік орталыққа фотограф болып орналасты. Содан бері оның объективіне негізінен Парламенттегі оқиғалар іліге бастады.
Сәкеңнің еңбегі бағаланып, талай алғыс хаттар мен мақтау қағаздарға ие болған-ды. Жақында ғана ұзақ жылдар бойғы еңбегі үшін «Ақпарат саласының үздігі» атанды.
Бірақ Сайлау ағаның ең үлкен марапаты – ұлы Даниярдың таңдауы. Данияр әке жолын жалғап, спорт фотографы болып еңбек етіп жүр.